Мемлекеттік рәміздер

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылғы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде атап өтіледі.
Мемлекеттік рәміздер-бұл кез-келген мемлекеттің өзіндік ерекшелігі мен егемендігін білдіретін ажырамас атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран Мемлекеттік рәміздер болып табылады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні

Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде белгілі болған Қазақстанның әнұраны Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2006 жылғы 6 қаңтарда ел Парламентімен бекітілді. Ол алғаш рет 2006 жылдың 11 қаңтарында Мемлекет басшысының салтанатты инаугурациясы кезінде шырқалды.
Музыкасы – композитор Шәмші Қалдаяқов, сөздері – Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туы

Ту – мемлекеттің егемендік пен біртұтастықты білдіретін басты рәміздерінің бірі. «Флаг» термині «vlag» деген нидерланд сөзінен шыққан және белгіленген көлем мен түстегі, әдетте елтаңба немесе эмблема түрінде бейнеленген, діңгекке немесе бауға бекітілген мата ұғымын білдіреді. Ту ежелден елдің халқын біріктіру және оны белгілі бір мемлекеттік құрылымға сәйкестендіру міндетін атқарып келеді.

Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік туы ресми түрде 1992 жылы қабылданды. Оның авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасы

Елтаңба – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Елтаңба («герб») термині немістің «erbe» (мұра) деген сөзінен шыққан. Мемлекеттің мәдени және  тарихи дәстүрін бейнелейтін символдық мәні бар үйлесімді пішіндер мен заттардың мирастық ерекшелік белгісін білдіреді.

Қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген қола дәуірінің көшпенділері кейін графикалық ұғымы «таңба» деп аталған ерекше символ-тотем арқылы өздерін танытқанына тарих куәлік етіп отыр. Алғаш рет бұл термин Түрік қағанаты тұсында қолданыла бастаған.

Егеменді Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.